2025 жылғы 17 сәуірде KAZENERGY қауымдастығының алаңында «Энергетика және телекоммуникация салаларындағы сенімді шешімдер» тақырыбында онлайн-семинар өтті. Іс-шараны KAZENERGY қауымдастығы мен салалық «Энергоинформ» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарға энергетика және телекоммуникация салаларына заманауи технологияларды енгізуге мүдделі мамандар қатысты. Шара барысында «Энергоинформ» АҚ сарапшылары өз қызмет бағыттары бойынша заманауи техникалық шешімдерді таныстырып, инфрақұрылымдық жүйелердің цифрлануы мен сенімділігін арттыру жолдарын ұсынды.
Қатысушылар нақты уақыт режимінде технологиялық процестерді басқаруға арналған SCADA жүйелерінің мүмкіндіктерімен, сондай-ақ талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) құру мен қызмет көрсету тәсілдерімен танысты. Энергетикалық нысандардың тұрақты жұмыс істеуінде жоғары жиілікті (ЖЖ) байланыстың маңыздылығы да кеңінен талқыланды.
Семинар аясында коммерциялық электр энергиясын автоматтандырылған есепке алу жүйесі (АЭЕЖ), ERP-шешімдер, сондай-ақ энергия нарығы субъектілерін диспетчерлік басқару жүйелері бойынша баяндамалар ұсынылды. «Энергоинформ» мамандары іске асырылған жобалар бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, энергетикадағы цифрлық платформалардың даму перспективаларына тоқталды.
Сондай-ақ, кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға «Энергоинформ» АҚ жанындағы оқу-өндірістік комбинаттың жұмысы таныстырылып, сала мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарламалар мен бастамалар ұсынылды.
Семинар энергетика саласындағы автоматтандыру мен цифрлық трансформация, телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға және өзекті трендтерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.